Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы

Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану тәртібімен жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн алынады.

Жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган беретiн жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттың (бұдан әрi – рұқсат) негiзiнде жүзеге асырылады.

Жануарлар дүниесiн пайдалану түрлері Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде белгіленеді.

Сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн пайдалану үшiн төлемақыны әрбiр жекелеген жағдайда осы жануарларды табиғи ортадан аулауға рұқсат беру кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

Жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның аумақтық бөлiмшелерi өзінің орналасқан жері бойынша салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәлiметтерді тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-інен кешiктiрмей табыс етедi.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде белгіленген тәртіппен жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.

Төлемақы ставкалары тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептік көрсеткіш мөлшері негізге алына отырып айқындалады.