Орманды пайдаланғаны үшiн төлемақы

Орманды пайдаланғаны үшiн төлемақы мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орманды пайдаланудың мынадай түрлерi үшін алынады:

1) ағаш дайындау;

2) шайыр және ағаш шырындарын дайындау;

3) қосалқы ағаш ресурстарын (ағаштар мен бұталардың қабықтарын, бұтақтарын, томарларын, тамырларын, жапырақтарын, бүршiктерiн) дайындау;

4) орманды жанама пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, ара ұялары мен омарта орналастыру, көкөніс шаруашылығы, бақша шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру, дәрілік өсiмдiктер мен техникалық шикiзаттар, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және басқа да тағамдық өнiмдер, мүк, орман төсемдерi мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау және жинау);

5) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн:

мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорт мақсаттары;

аңшылық шаруашылығы қажеттерi;

ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін пайдалану.

Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының орман заңнамасында белгiленеді.

Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының орман заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзімдерде берiлетін ағаш кесу билетi мен орман пайдалану билетiнiң (бұдан әрі — рұқсат құжаты) негiзiнде берiледi.

Мемлекеттiк орман иеленушiлер тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 15-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәлiметтер бередi.

Мемлекеттiк орман иеленушiлер, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен орман пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес орман өсіру үшін нысаналы мақсатта өз меншігіндегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығындағы жеке орман қорының учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асыратын жеке орман иеленушiлер төлемақы төлеушiлер болып табылмайды.

Төлемақы ставкаларын орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган айқындаған тәртіпке сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар жасаған есеп-қисаптар негiзiнде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлейдi.