Қоршаған ортаға эмиссия үшiн төлемақы
Қоршаған ортаға эмиссия үшiн төлемақы қоршаған ортаға эмиссия үшiн арнайы табиғат пайдалану тәртiбiмен алынады.
Арнайы табиғат пайдалану қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – рұқсат құжатын беретін орган) беретiн экологиялық рұқсат (бұдан әрі – рұқсат құжаты) негiзiнде жүзеге асырылады.
Белгiленген тәртiппен ресiмделмеген рұқсат құжатынсыз қоршаған ортаға эмиссиялар, қозғалмалы көздерден шығатын ластағыш заттар шығарындыларын қоспағанда, қоршаған ортаға белгiленген эмиссиялар нормативтерiнен артық қоршаған ортаға эмиссиялар ретiнде қарастырылады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның аумақтық органдары және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәлiметтерді тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 15-інен кешiктiрмей табыс етеді.
Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн арнайы табиғат пайдалану тәртiбiмен жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
Қоршаған ортаға эмиссиялардың:
1) ластағыш заттар шығарындыларының;
2) ластағыш заттар төгінділерінің;
3) өндіріс пен тұтынудың орналастырылған қалдықтарының белгiленген нормативтерi шегiндегi және (немесе) одан артық қоршаған ортаға эмиссиялардың нақты көлемi салық салу объектiсi болып табылады.
Төлемақы ставкалары тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерін негізге ала отырып айқындалады.