Шаруа немесе фермер қожалықтары үші арнаулы салық режимі

Шаруа немесе фермер қожалықтары Салық Кодексінде белгіленген арнаулы салық режимін немесе жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті дербес таңдауға құқылы.

Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі бірыңғай жер салығын төлеу негізінде бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртібін көздейді және акцизделетін өнімдерді өндіру, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және оны өткізу жөніндегі шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметіне қолданылады.

Жеке меншік құқығындағы және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (қайталап жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде, шаруа немесе фермер қожалықтарына арнаулы салық режимін қолдану құқығы беріледі.

Күнтізбелік жыл бірыңғай жер салығы бойынша салық кезеңі болып табылады.

Бірыңғай жер салығын төлеушілер салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің мынадай түрлерін:

1) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметінен түскен табыстан алынатын жеке табыс салығын;

2) осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметті жүзеге асырудан түскен айналым бойынша қосылған құн салығын;

3) осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын және (немесе) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны;

4) Салық Кодексінің 365-бабы 3-тармағының 1), 2) тармақшаларында аталған салық салу объектілері бойынша көлік құралдары  салығын;

5) Салық Кодексінің 394-бабы 4-тармағының 1) тармақшасында аталған салық салу объектілері бойынша мүлік салығын төлеушілер болып табылмайды.