Бірыңғай жер салығын есептеу тәртібі

Егістік бойынша бірыңғай жер салығын есептеу жер учаскелерінің жиынтық бағалау құнына жер учаскелерінің жиынтық ауданын негізге ала отырып, мынадай ставкаларды қолдану жолымен жүргізіледі:

 

Жер учаскелерінің алаңы (гектар) Салық ставкасы
1. 500-ге дейін 0,1%
2. 501-ден 1000-ға дейін қоса алғанда 500 гектардан бағалау құнының 0,1%+500 гектардан асатын гектарлардың бағалау құнының 0,2%
3. 1000-нан 1500-ге дейін қоса алғанда 1000 гектардан бағалау құнының 0,2%+1000 гектардан асатын гектарлардың бағалау құнының 0,3%
4. 1501-ден 3000-ға дейін қоса алғанда 1500 гектардан бағалау құнының 0,3%+1500 гектардан асатын гектарлардың бағалау құнының 0,4%
5. 3000-нан жоғары 3000 гектардан бағалау құнының 0,4%+3000 гектардан асатын гектарлардың бағалау құнының 0,5%

 

Жайлаулар, табиғи шабындықтар және арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын басқа да жер учаскелері бойынша бірыңғай жер салығын есептеу жер учаскелерінің жиынтық бағалау құнының 0,1% ставкасын қолдану арқылы жүргізіледі.

Бірыңғай жер салығын төлеушілер әрбір қызметкер, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы мен кәмелетке толған мүшелері үшін рес­публикалық бюджет туралы заңда белгiленген және әлеуметтiк салықты есептеу жүргiзiлетiн айдың бiрiншi күнi қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 20 процент  ставкасы бойынша әлеуметтік салық сомасын ай сайын есептеп отырады. Шаруа немесе фермер қожалығының кәмелетке толған мүшелерінің әлеуметтік салықты есептеу мен төлеу жөніндегі міндеттемелері олар кәмелетке толған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың басынан бастап туындайды.

Әлеуметтік салықтың есептелген сомасы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы»  Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтылуға жатады.

Әлеуметтік аударымдар сомасы әлеуметтік салық сомасынан асып түскен кезде, әлеуметтік салықтың сомасы нөлге тең болады.

Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декла­рацияда бірыңғай жер салығының, әлеуметтік салықтың, төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының, жер беті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем­ақының, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақының, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген сомалары көрініс табады.

Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларация жер учаскесінің орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі салық кезеңінің 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі.