Әлеуметтік салық

Әлеуметтік салық – мемлекетте алынатын тікелей жеке салық болып табылады. Әлеуметтік салық үш бірдей бюджеттен тыс қор төлемдерін алмастырып, Қазақстан салық жүйесіне айтарлықтай жаңғырту әкелді. Ол 1999 жылдан бері бұған дейін қолданылып келген әлеуметтік қорларға: зейнетақы, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру, міндетті медициналық сақтандыру, халықты жұмыспен қамту қорларына аударылатын сақтық жарналары аударымдарының орнына енгізілген. Бұл салықты әкімшілендіру ол енгізілгелі бері салық органдарының құзырына көшті. Жұмыс берушілердің үш бірдей бюджеттен тыс қорларға жарналарын бір әлеуметтік салыққа біріктіру мемлекеттік бақылаушылардың санын азайтты, ал жұмыс берушілерде осыған байланысты жарналар мен аударымдарды есептеу мен аударуға байланысты құжаттар көлемі азайды. Әлеуметтік салық әлеуметтік алымдарды алуды сәйкестендіріп, салықты есептеу мен тиісті есептемелерді дайындау бойынша бухгалтерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті, сол сияқты салық органдарының салықты дұрыс есептеу мен уақытылы бақылауды жүзеге асыру бойынша жұмысын оңайлатты. Әлеуметтік салықтың міндеті – бюджеттің кіріс бөлігіндегі әлеуметтік бағдарламаларды қалыптастыру болып табылады. Соңғы жылдарда салықтың ставкаларының мөлшеріне, салық салу базасына, есептілігіне байланысты көптеген өзгерістер енгізілді.

Әлеуметтік салықтың артықшылығы болып шаруашылық субъектілердің меншік нысанына және қаржы-шаруашылық қызметінің соңғы нәтижесіне тәуелді еместігі болып табылады.

Мыналар:

1) дара кәсiпкерлер;

2) жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар;

3) Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары;

4) Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар әлеуметтiк салық төлеушiлер болып табылады.

Жұмыс берушінің табыс түрінде резидент қызметкерлерге, Салық Кодексінде айқындалған табыс түрінде резидент емес қызметкерлерге төлейтін шығыстары, шетелдік персоналдың табыстары төлеушілер үшін салық салу объектісі болып табылады.

Егер күнтізбелік ай үшін Салық Кодексіне сәйкес айқындалған салық салу объектісі Республикалық Бюджет туралы Заңда белгiленген және осындай күнтiзбелiк айдың соңғы күнi қолданыста болған жалақының ең төменгі мөлшерінен төмен болса, әлеуметтік салық салу объектісі жалақының ең төменгі мөлшері негізінде айқындалады.