Міндетті зейнетақы жарналары мен Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы маусымның 27-сіндегі заңның қабылдануымен байланысты зейнетақы реформасы басталды. Оның мәні- 1997 жылға дейін өмір сүрген зейнетақымен қамтамасыз етудің зейнетақы қорларын қалыптастыру кезіндегі ұрпақтардың ынтымақтастығы қағидатынан жеке қорланымдардың қағидатына көшуде болды.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі кезінде әркім өз табысынан (жалақысынан) міндетті зейнетақы жарнасын аударады. Осы көздің есебінен жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының зейнетақы қорланымдары қалыптасады. Ұстау және жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу мына мөлшерлемелер бойынша жүзеге асырылады: жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланатын заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер, адвокаттар мен жеке нотариустар ай сайынғы ақша немесе натуралдық нысанындағы табысынан 10 пайыз мөлшерінде жарна аударады. Міндетті зейнетақы жарналарын есептеуге алынатын ай сайынға табыс ең төменгі айлық жалақы мөлшерінің жетпіс бес еселік мөлшерінен аспауы тиіс. Кейін зейнетақы төлемдері жинақтаушы зейнетақы қорларындағы әркімнің жеке зейнетақы шотынан төленеді. Сондықтан зейнетақының мөлшеріне бюджеттің жай-күйі, қанша адамның жұмыспен қамтылып, қаншасы жұмыссыз жүргені әсерт етпейді.

Салымшылар немесе жұмыс берушілер міндетті зейнетақы жарналарына қосымша ретінде ерікті зейнетақы жарналарын төлей алады, олардың мөлшері шектелінбейді, жарналар бірақ рет немесе дүркін-дүркін, ұдайы немесе аудару жолымен төленеді.

2013 жылғы 3 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 21.06.2013ж. № 105-V Заңы (бұдан әрі – Заң) күшіне енді.

Заң азаматтардың зейнетақымен қамсыздандырылуға конституциялық құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ететін біртұтас мемлекеттік саясат қалыптастыруға, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын, зейнетақы шоттарын және зейнетақы активтерін басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан Республикасының Үкіметі Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір ай ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) құрады.

БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) болып табылатын зейнетақы қағидаларын әзірлейді және БЖЗҚ мен зейнетақы жинақтары салымшыларының (алушыларының) құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, сондай-ақ БЖЗҚ мен салымшылардың (алушылардың) арасындағы құқықтық қатынастардың өзге де ерекшеліктерін белгілейді. БЖЗҚ зейнетақы қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін болады.

БЖЗҚ құрылған күнге, яғни 02.07.2013 ж. дейін міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасамаған жеке тұлғалар жинақтаушы зейнетақы қорымен шарт жасауға құқылы.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес Орталықтан зейнетақы төлемдері еркектер 63 жасқа толғанда тағайындалады.

11-баптың 1-тармағымен әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен арттыру бекітілген:

«Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау:

2001 жылғы 1 шілдеден бастап  – ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге 58 жасқа толғанда жүргізіледі.

Бұл ретте  әйелдерге Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау:

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап  – 58,5 жасқа толғанда;

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда ;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;

2023 жылғы 1 қаңтардан  бастап – 61 жасқа толғанда ;

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;

2026 жылғы 1 қаңтардан  бастап – 62,5 жасқа толғанда;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жасқа толғанда жүргізіледі».

Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры азаматтардың еңбек ету қабілетінен, жұмысынан немесе асыраушысынан айрылуына, сонымен бірге жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы асырап алуына, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылуына әкеліп соқтыратын жағдайлар туындағанда, оларды әлеуметтік қорғау мақсатында құрылған.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленуге тиісті әлеуметтік аударымдар оларды есептеу объектісінен 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,5%, 2006ж.- 2%, 2007ж.- 3%, 2009ж.- 4%, 2010ж. бастап- 5% мөлшерінде белгіленді.

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР-ның Заңына сәйкес әлеуметтік аударымдар есептеуге арналған объект қызметкерге Салық Кодексінде көзделген табыстарды төлеу шығындары болып табылады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ай сайын жүргізіледі.

Бұл ретте айлық табыс әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін ҚР-ның заң актілерінде белгіленген ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде алынады.