Қазақстан Республикасы салық жүйесінің негізгі қалыптасу кезеңдерін атаңыз

1-кезең. 1991 жылғы 9-шілдедегі Қазақ КСР Президентінің «ҚазКСР мемлекеттік салық қызметін құру туралы» Жарлығымен басты мемлекеттік салық инспекциясы құрылды. 16 жалпы мемлекеттік және 27 жергілікті салық түрін қарастыратын салық жөніндегі заң актілері пакеті қабылданды.

2-кезең. ҚР-ның Үкіметі 1995 жылдың басында салық реформасының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын қабылдады, онда еліміздің салық жүйесі мен салық заңнамасын бірте-бірте халықаралық стандарт салық салу принциптеріне сәйкестендіру көзделген еді. Осыған орай 1995 жылы 24 сәуірде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Президентінің Жарлығы шықты. Бұл өз қаржы жүйемізді құруға ықпал етті. Ең бастысы, салық төлеу жүйесі ықшамдалып, салық саны 45-тен 11-ге дейін қысқартылды. Оның ішінде 5-і мемлекеттік, 6-ы жергілікті салықтар.

3-кезең. 2001 жылы 12 маусымда ҚР-ның жаңа Салық Кодексі қабылданып, 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Салықтың 9 түрі болды

Әрине, мемлекеттің нарықтық экономикалық қатынас талабына сай дамуы жағдайында салық жүйесінің бір орында, өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Алайда қысқа уақыт аралығында қабылданған шексіз өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі нәтижесі оның әлі де болса жетілмегендігін көрсетеді.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің дәстүрлі жыл сайынғы халыққа жолдауында Елбасы салық органдарына салық заңын қайта дайындауды тапсырды. Бүгінгі күні республикада салық заңдарының барлық негізгі кемшіліктері ескерілген, әрі жетілдірілген жаңа Салық кодексі дайындалып, 2008 жылдың 10 желтоқсанында қабылданды.

Қазақстанның қазіргі салық жүйесі 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген, 2012 жылдың 1 қаңтарындағы өзгерістермен  ҚР «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексімен реттеледі. Аталған құжат мемлекет пен салық төлеушілер арасында сапалы жаңа қатынастарды реттемелейді. Ол салық салудың ойластырылған құқықтық негізін құрудың түпкілікті міндетін шешуге бағытталған.