Жер учаскелерiн пайдаланғаны үшін

Жер учаскелерiн пайдаланғаны үшін төлемақы мемлекеттiң жер учаскелерiн өтемiн төлеп уақытша жер пайдалануға (жалға) бергенi үшiн алынады.

Жер учаскелерiн өтемiн төлеп уақытша жер пайдалануға (жалға) беру тәртiбi Қазақстан Республикасының  Жер кодексінде белгiленедi.

Жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттік органдар, ал арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жергілікті атқарушы органдар немесе арнайы экономикалық аймақтардың әкімшіліктері тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-інен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәлiметтерді табыс етедi.

Жер учаскесiн өтемiн төлеп уақытша жер пайдалануға (жалға) алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.

Мыналар:

шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша бірыңғай жер салығын төлеушілер;

концессия шартында көрсетілген, бірақ өтемін төлеп уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған концессия шартын іске асыру мақсатында берілген жер учаскелері бойынша концессионер  төлемақы төлеушілер болып табылмайды.

Мемлекет өтемiн төлеп уақытша жер пайдалануға беретін жер учаскесі салық салу объектісі болып табылады.