Жеке табыс салығының экономикалық мәні

Жеке табыс  салығы  бюджет  кірісінің  ірі көздерінің бірі болып табылады. Көптеген шет  мемлекеттерде  азаматтардың жеке табысына   салынатын салық  бюджеттің  кіріс бөлігінің басты  көзі қызметін  атқарады. Мысалы; АҚШ-тың   федералдық  бюджетіндегі  оның  үлес  салмағы – 40 %  құраса,  ал,  корпорациялық  табыс  салығы – 10 % құрайды. Дания  бюджетіндегі  табыс  салығының үлес салмағы – 48 % құрайды, ал Германияда  бұл  салық  бюджет кірістері  баптары арасында  бірінші  орынды  алады,  Францияда – ҚҚС –нан  кейін  екінші  орында.

Жеке  табыс  салығы —  жеке  тұлғалардан алынатын  салықтардың  ішіндегі ең  негізгісі.  Жеке  табыс  салығының   түскен  түсім  толығымен жергілікті  бюджетке түсіп, сол аумақтың әлеуметтік-экономикалық  жағдайын  көтеруге  жұмсалады.

Жеке  табыс  салығы  тікелей  салық  болып  табылады, оның  ішінде  жеке  тікелей  салық,  өйткені  жеке  салықтарда   тек  табыс  қана  есептелінбейді.  Сонымен  қатар  салық  төлеушінің  қаржылық  жағдайы  ескеріледі.

Салық  салу  тарихынан  табыс  салығын  алудың  2  жүйесі  белгілі:

  • шедулалық;
  • ғаламдық.

Табысқа  салық  салудың  шедулалық жүйесі  1842 жылы Англияда  енгізілген және  ағылшын  алфавитінің  алғашқы  әріптерімен : А, В, С, Д, Е белгіленген 5 санатқа (шедулаға)  бөлінді. Табыстар 5 шедула  бойынша  бөлініп, олардың  әрқайсысында  табыс  тапқан  тұлғаға  салық  салынады.  1976 жылы олар  тағы бір  шедулаға Ғ толықтырылды.

Шедулалық  жүйе  кезінде  Қазақстанда да  қолданылды. Сонымен, 1990 жылдың  11 желтоқсанындағы  «ҚР  азаматтарының,  шетел азаматтарының  және  азаматтығы  жоқ  адамдардың  табыс  салығы   туралы» Заңына  сәйкес салық  салудың  6  түрі  қарастырылған  болатын:

  • азаматтардың өз  еңбек  міндеттерін  орындағаны  үшін  алатын  жалақы  сомасына  және  соған  теңестірілген  табыстарына  салық  салу;
  • бір жолғы  жұмыс  орындағанына  алатын  табыс  және  негізгі  жұмыс  орны  бойынша  басқа  да  төлемдерге  салық  салу,
  • ғылым, өнер  және  әдебиет  туындыларына  жасағаны  үшін  авторлық сыйақы  сомасына, сол  сияқты  өнеркәсіп  үлгілерін  ашқаны  үшін авторлық сыйақы  сомасына салық  салу;
  • кәсіпкерлік қызметтен  түскен  табыстарға  және  де  басқа да  азаматтардың  еңбек  міндеттеріне  жүзеге  асыруына  байланыссыз  табыстарына  салық   салу;
  • азаматтардың шаруа  және  жалгерлік қожалық  жүргізгеннен  түскен табыстарына  салық   салу;
  • басқа табыстарына  салық   салу.

Табысқа  салық  салудың келесі  жүйесі —  ғаламдық жүйе. Бұл  жүйе  кезінде  салық  осы  салықты  төлеушінің  жылдық  жиынтық  табысынан,  оның  айналу  көзі  мен  әдісіне  қарамастан  салынады. Алғаш  рет  мұндай  жүйе  1806-1807 жылдары  Пруссияда  енгізілген. Бүгінде  ҚР  осы  ғаламдық  әдіс  бойынша  жеке  табыс  салығы  есептелінеді.