Жеке тұлғалардың мүлкіне салық салу объектісі мен салық базасы

Жеке тұлғаларға меншік құқығымен тиесілі және кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын мынадай объектілер:

  • ҚР аумағындағы тұрғын үй-жайлар, саяжай құрылыстары, гараждар және өзге де құрылыстар, ғимараттар, үй-жайлар;
  • ҚР аумағындағы аяқталмаған құрылыс объектілері — қоныстану (пайдалану) кезінен бастап жеке тұлғалардың мүлкіне салық салу объектісі болып табылады.

Әрбір жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін, мынадай тәртіппен айқындалған салық салу объектілерінің құны жеке тұлғалар үшін тұрғын үй-жайлар, саяжай құрылыстары немесе аяқталған құрылыс объектілері бойынша салық базасы болып табылады:

Қ =Қ б х S х К таб х К функц х К айм х К аек. өзг, мұндағы:

Қ – салық салу мақсаты үшін мүліктің құны,

Қ б – тұрғын үй-жайдың, саяжай құрылыстарының немесе аяқталған құрылыс объектілерінің бір шаршы метрінің базалық құны,

S – тұрғын үй-жайдың, саяжай құрылыстарының немесе аяқталған құрылыс объектілерінің бір шаршы метрімен пайдалы ауданы,

К таб – табиғи тозу коэффициенті,

К функц – функционалдық тозу коэффициенті,

К айм – аймақтау коэффициенті,

К аек. өзг – айлық есептік көрсеткіш өзгерісінің коэффициенті.

Тұрғын үй-жайдың, саяжай құрылыстарының немесе аяқталған құрылыс объектісінің теңгемен көрсетілген бір шаршы метрінің базалық құны (Қб) елді мекеннің түріне байланысты мөлшерде айқындалады

Бірнеше салық салу объектілері бойынша салық төлеуші бір жеке тұлға болған жағдайда, салық базасы әр объект бойынша жеке есептеледі.

Сонымен, жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке пайдаланылмайтын мүлкіне салық жылжымайтын мүлік құны мен белгіленген ставкалар негізінде салық органдарымен анықталады.

Салық төлеушілер салықты есептеуді салық базасына тиісті салық ставкаларын қолдану арқылы дербес жүргізеді.

Ортақ үлестік меншіктегі салық салу объектілері бойынша мүлік салығы әрбір салық төлеушінің мүлік құнындағы оның үлесіне барабар есептеледі. Салық төлеушілер салық кезеңі ішінде мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеуге міндетті, олар салық кезеңінің басында бухгалтерлік есеп деректері бойынша белгеленген салық салу объектілерінің қалдық құнына тиісті салық ставкасын қолдану арқылы анықталады.

Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке пайдаланылмайтын мүлкіне жылжымайтын мүлікті бағалау және тіркеу органдарымен анықталатын құнына қарай сараланған (дифференциалды) ставкалар бойынша салық салынады.

Сонымен қатар салық органдары ағымдағы жылдың 1 тамызынан кешіктірмей бюджетке төленуге тиіс салық сомасы туралы төлем хабарламасын (извещения) жіберуге тиіс. Жеке тұлғалар салықты ағымдағы жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төлеуге тиіс. Уақытылы төленбеген салық сомасына салық төлеу күнін қоса, өткен әрбір күн үшін ҚР Ұлттық Банкі белгелеген қайта қаржыландыру ресми ставкасының 2,5 еселенген мөлшерінде өсімақы (өсімпұл) алынады. Мысалы, ҰБ белгелеген қайта қаржыландыру ставкасы 10,5% делік. Бұл жағдайда алынатын өсімақы мөлшері 0,07% (2,5×10,5%):365 күн) құрайды. Егер 3500 теңге мөлшеріндегі салық  1 қазанда төленбей, 16 қазанда төленген жағдайда, өсімақы сомасы 315 теңгені (3500 тг. x  0,07%) x 15 күн) құрайды