Салық жүйесі дегеніміз не және оған қандай талаптар қойылады?

«Салық» ұғымымен «салық жүйесі» ұғымы тығыз байланысты. Мемлекетте алынатын салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем түрлерінің, оны құру мен алудың нысандары мен әдістерінің, принциптерінің, салық заңдары мен салыққа қатысты нормативті актілердің, салық қызметі органдарының жиынтығы мемлекеттің салық жүйесін құрайды.  

Экономикалық жағынан салық жүйесі мемлекеттің, аймақтардың және муниципалды құрылымдардың қызметін қаржылай қамтамасыз етуге байланысты әр түрлі мемлекеттер, мемлекет пен салық төлеуші арасындағы, әр түрлі салық төлеушілер арасындағы, сондай-ақ оған тікелей қатысушы заңды және жеке тұлғалар арасындағы күрделі өзара байланысты әлеуметтік-экономикалық қатынастардың жиынтығын құрайды.

Салық жүйесіне қойылатын негізгі талаптар мыналар:

  • салық құрамы дәл анықталуы қажет. Ол үшін салық заңдылығында мемлекетте алынатын салықтардың толық тізімі мазмұндалуы керек;
  • салық жүйесі салық төлеушілер үшін салықтан жалтару тиімсіз болатындай етіп жасалуы тиіс;
  • салық жүйесінің қарапайымдылығы. Бұл әсіресе, салықтың дұрыс төленуі үшін бақылауды жүзеге асыруда маңызды;
  • салық жүйесі салық төлеушінің өз қаражатын өндіріске салуына ықпал етуі керек.

Жалпы, салық жүйесі мемлекеттің қаржы көздерін жасақтаудың ең негізгі құралы болуымен қатар, ел экономикасын қайта құруға, өндірістің ұлғайып, дамуына және саяси-әлеуметтік шаралардың толығымен жүзеге асуына мүмкіндік туғызады.