Экологиялық менеджмент жүйесі

 Экологиялық менеджмент жүйесі – жалпы менеджмент жүйесінің бір бөлігі, оған ұйымның құрылымы, қызметті жоспарлау, жауапкершілікті бөлу, тәжірибелік жұмыс, сондай-ақ экологиялық саясатты, мақсаттарды және міндеттерді әзірлеуге, ендіруге, оларды іске асыру барысында қол жеткізілген нәтижелерді бағалауға және оларды жетілдіруге қажетті рәсімдер, үрдістер және ресурстар кіреді. ISO принциптеріне сәйкес жасалған экологиялық менеджмент жүйесі кәсіпорынның экологиялық аспектілерін басқару үрдісін жетілдіруге жәрдемдеседі, ал бұл өз алдына қуат пен шикізатқа, қалдықтарды қайта өңдеуге және пайдаға асыруға жұмсалатын шығындарды айтарлықтай қысқартуға септігін тигізеді. Кәсіпорынның экологиялық қызметін толығымен қадағалаудың арқасында келеңсіз жағдайлардың пайда болу қаупі төмендейді, осындай жағдайларға байланысты болатын шығындар айтарлықтай қысқартылады.

 Экологиялық менеджмент жүйесінің мақсаттары

  •  Кәсіпорындар қызметінің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайту;
  •  Кәсіпорындар қызметінің экологиялық тиімділігін арттыру;

  •  Кәсіпорындар қызметінің экономикалық тиімділігін арттыру;

  •  Шығарылатын ластаушы заттардың көлемін азайту және оларды қайта өңдеу.

 Экологиялық менеджмент жүйесінің міндеттері

  •  Компанияның кәсіпорындар қызметінің экологиялық аспектілеріне байланысты болатын экологиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындауға негіз болатын Компания принциптері мен міндеттемелері сипатталатын экологиялық саясатты әзірлеу және қабылдау.

  •  Экологиялық мақсаттарға қолжеткізуге бағытталған іс-шаралар мен іс-әрекеттерді реттеуге және жүйеге келтіруге мүмкіндік беретін экологиялық қызметті жоспарлау.

  •  Ішкі және сыртқы экологиялық қызметті ұйымдастыру. Бұл міндеттің мәні – тұтынылатын материалдық және энергетикалық ресурстардың көлемін және шығарылатын ластаушы заттардың көлемін (атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың, қалдықтардың, тұтынылатын аса зиянды заттар мен материалдардың көлемін, т.б.) барынша азайтуға бағытталған, жоспарланған және жоспарланбаған (қосымша) іс-әрекеттер мен іс-шараларды жүзеге асыру.

  •  Қызметкерлерді ынталандыру, бұл қызметкерлерді қоршаған ортаны қорғау және табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану қызметіне кірістіруге мүмкіндік береді.

  •  Кәсіпорын жұмысының жоспарланған көрсеткіштерден ауытқуын алдын ала анықтау мақсатында ішкі экологиялық мониторинг және экологиялық қадағалау жүргізу.

  •  Экологиялық қызметтің нәтижелерін талдау және бағалау. Көрсеткіштерді таңдау, деректерді жинау және талдау арқылы, экологиялық тұрғыдан кәсіпорын нәтижелілігінің критерийлері жөніндегі ақпаратты бағалау, есептілік дайындау және ақпарат пен алмасу арқылы, сондай-ақ үнемі осы үрдісті қарастыру және жетілдіру арқылы ұйымның экологиялық тұрғыдан нәтижелілігіне қатысты басқару жөніндегі шешімдерді қамтамасыз ету функциясы.