Жер салығын төлеушілер және олардың қатарына жатпайтындар

Жеке меншік және тұрақты пайдалануында немесе бастапқы өтеусіз уақытша жер пайдалану құқығындағы салық салу обьектілері бар жеке және заңды тұлғалар жер салығын төлеушілер болып табылады.

Жер салығының мөлшері жер иеленушілер мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметінің нәтижелеріне байланысты болмайды.

Жер салығын төлеушілер қатарына жатпайтындар:

  • бірыңғай жер салығын төлеушілер;
  • мемлекеттік мекемелер;
  • уәкілетті органның қылмыстық жазаларды атқару саласындағы түзеу мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындары;
  • тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жер учаскелері, үй маңындағы жер учаскелері, сол сияқты жеке үй (қосалқы) шаруашылығын, бағбандық және саяжай құрылысы, о.і. құрылысқа арналған жерлерді қоса, гараж алып жатқан жер учаскелері бойынша – Ұлы Отан соғысына қатысушылар және соларға теңестірілген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала кезінен мүгедектің ата-анасының біреуі;
  • тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жер учаскелері, сол сияқты үй жанындағы жер учаскелері бойынша – “Ардақты ана” атағына ие болған, “Алтын алқа” алқасымен наградталған көп балалы аналар, жеке тұратын зейнеткерлер;
  • діни бірлестіктер.

Уәкілетті органның қылмыстық жазаларды атқару саласындағы түзеу мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындары мен діни бірлестіктер пайдалануға немесе жалға берілген жер учаскелері бойынша салық төлеуден босатылмайды.

Мынадай төлеушілер салықты есептеген кезде тиісті ставкаларға 0,1 коэффициентін қолданады:

  • Балалардың сауықтыру мекемелері;
  • Коммерциялық емес ұйымдар;
  • Қызметінің негізгі түрі ормандардың өртке қарсы құрылғысы, өртке қарсы, орман зиянкестері мен ауруларына қарсы күрес, табиғи биологиялық ресурстарды ұдайы молайту, және ормандардың экологиялық әлеуетін арттыру жөніндегі жұмыстарды орындау болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындар;
  • Балықты ұдайы молайту мақсатындағы мемлекеттік кәсіпорындар;
  • әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымдар;
  • ғылыми кадрларды мемлекеттік аттестаттау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын;
  • психоневрологиялық және туберкулез мекемелері жанындағы емдеу -өндірістік кәсіпорындары;

Осы жер салығын төлеушілер жер учаскесін не оның бір бөлігін жалға, өзге де негіздерде пайдалануға беру не коммерциялық мақсаттарда пайдалану кезінде салықты 0,1 коэфицентті қолданбай, жалпы белгіленген тәртіппен есептейді.