Жер қойнауын пайдаланушылардан алынатын арнаулы төлемдер
Жер қойнауын пайдаланушылар – ҚР аумағында, мұнай операцияларын қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды ҚР заң актілеріне сәйкес жүзеге асыратын жеке және заңды тұлға.
Жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерi мен салықтары:
1) жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерiн:
а) қол қойылатын бонусты;
б) коммерциялық табу бонусын;
в) тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдерді;
2) пайдалы қазбаларды өндіру салығын;
3) үстеме пайда салығын қамтиды.
Жер қойнауын пайдаланушының тiркелген төлемдерi бонустар болып табылады.
Жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келісімшарттың түріне және талаптарына қарай жер қойнауын пайдаланушы үшін бонустың мынадай түрлері белгіленуі мүмкін:
1) қол қойылатын бонус;
2) коммерциялық табу бонусы.
Жер қойнауын пайдаланушының келiсiмшарт аумағында жер қойнауын пайдалану құқығын сатып алу үшiн алған бiржолғы тiркелген төлемi қол қойылатын бонус болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасқан жеке және заңды тұлғалар қол қойылатын бонус төлеушілері болып табылады.
Қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшері жер қойнауын пайдалануға жасалатын әрбір келісімшарт үшін мынадай мөлшерде жеке белгіленеді:
1) пайдалы қазбалардың бекітілген қорлары жоқ аумақта геологиялық барлау жүргізуге арналған келісімшарттар үшін:
мұнай келісімшарттары үшін — тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 2800 еселенген мөлшері;
техногендiк минералды құралымдарды әзірлеуге арналған келісімшарттарды қоспағанда, минералды шикізат өндіруге арналған келісімшарттар үшін — тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 280 еселенген мөлшері;
кең таралған пайдалы қазбалар, жерасты сулары мен емдік балшықтар жөніндегі келісімшарттар үшін — тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 40 еселенген мөлшері;
2) өндіруге арналған келісімшарттар үшін:
мұнай келісімшарттары үшін:
егер қорлар бекітілмеген болса, – тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 3000 еселенген мөлшері;
егер қорлар бекітілген болса, – (Қ х 0,04%) + (Қа х 0,01%) формуласы бойынша, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 3000 еселенген мөлшерінен кем емес, мұнда:
Қ – А, В, Қ1 өнеркәсіптік санаттары бойынша Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен шикі мұнайдың, газ конденсатының немесе табиғи газдың жиынтық қорларының құны;
техногендiк минералды құралымдарды әзірлеуге арналған келісімшарттарды қоспағанда, минералды шикізат өндіруге арналған келісімшарттар үшін:
егер қорлар бекітілмеген болса, – тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 500 еселенген мөлшері;
егер қорлар бекітілген болса, – (Қ х 0,01%) + (Қа х 0,005%) формуласы бойынша, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 500 еселенген мөлшерінен кем емес.
3) техногендiк минералды құралымдарды қайта өңдеу келісімшарттары үшін — Қ1 х 0,01% формуласы бойынша, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінен кем емес.
4) сарқынды суларды ағызу үшін жер қойнауын барлауға, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарттар үшін — тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 400 еселенген мөлшері.