Қосылған құн салығынан босатылатын импорт

Мынадай тауарлар:

1) ұлттық және шетелдік валюта банкноттары мен монеталары (мәдени-тарихи құндылығы бар банкноттар мен монеталардан басқа), сондай-ақ бағалы қағаздар;

2) ҚР-ның кеден заңнамасына сәйкес бекiтілген тауарларды бажсыз әкелу нормалары бойынша жеке тұлғалар жүзеге асыратын тауарлар;

3) акцизделетiн тауарларды қоспағанда, ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен гуманитарлық көмек ретiнде әкелiнетін тауарлар;

4) акцизделетiн тауарларды қоспағанда, мемлекет, мемлекеттердiң үкiметтерi, халықаралық ұйымдар желiлерi бойынша, техникалық жәрдем көрсетуді қоса алғанда, қайырымдылық көмек мақсатында әкелiнетін тауарлар;

5) шетелдің дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнің ресми пайдалануы үшiн, сондай-ақ осы өкiлдiктердiң дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық персоналына жататын адамдардың, олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiн қоса алғанда, жеке пайдалануы үшiн әкелiнетін және ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес салықтан босатылатын тауарлар;

6) салық төлеуден босатуды белгілейтiн кеден режимдерiнде ҚР кеден заңнамасына сәйкес декларациялануға жататын тауарлар;

7) кез келген нысандағы дәрiлік заттар, оның iшiнде субстанция-дәрiлер; протездiк-ортопедиялық бұйымдарды, сурдотифлотехниканы және медициналық (ветеринариялық) техниканы қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдар; кез келген нысандағы дәрiлік заттарды  шығаруға арналған материалдар, жабдықтар және жинақтаушы материалдар, оның ішінде субстанция-дәрілер, протездiк-ортопедиялық бұйымдарды және медициналық (ветеринариялық) техниканы қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдар импорты қосылған құн салығынан босатылады. Бұл тауарлардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi;

8) почта маркалары (коллекциялық маркалардан басқа);

9) ҚР Ұлттық Банкi және оның ұйымдары жүзеге асыратын, ақша белгілерiн шығаруға арналған шикiзат;

10) мемлекеттердiң, мемлекеттердің үкiметтерi мен халықаралық ұйымдардың желiсi бойынша берiлген гранттар қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын тауарлар импорты қосылған құн салығынан босатылады.