Қосылған құн салығы бойынша есепке алу

Кез-келген (12 айдан аспайтын) кезеңнің қорытындысы бойынша тауарларды (жүмыстарды, қызмет көрсетулерді) өткізу бойынша айналым мөлшері белгіленген өткізу бойынша ең төменгі айналымнан асатын болса, тұлға осы кезең аяқталған күннен бастап 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей ҚҚС бойынша есепке қою туралы салық органына өтініш беруге міндетті.

Өткізу бойынша айналымды анықтау кезінде салықтан босатылатын өткізу бойынша айналым, сондай-ақ жеке тұлғаның жеке мүлкін өткізу бойынша айналым, егер ондай мүлік көсіпкерлік қызмет мақсатында пайдаланылмаса, есепке алынбайды.

Өткізу бойынша айналымның ең төмен деңгейі (12 айдан аспайтын) кезеңнің соңғы айына белгіленген АЕК-тің 30 000 еселенген шамасын құрайды.

ҚҚС бойынша есепке қойылуға жатпайтын, бірақ ҚҚС салуға жататын тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) өткізуді жүзеге асыратын немесе жүзеге асыруды жоспарлаған тұлға ҚҚС бойынша есепке қою туралы өтінішті салық органына ерікті түрде бере алады. Қосылған құн салығын есептеудің екі әдісі бар: барабарлық және бөлек есептеу.

Барабарлық әдіс бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығы салық салынатын айналымның жалпы айналым сомасындағы үлес салмағына қарай айқындалады.

Бөлек есептеу әдісі бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығын анықтау кезінде, қосылған құн салығын төлеуші салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар мақсаттарында пайдалану үшін алған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша шығыстар мен қосылған құн салығының сомасы бойынша бөлек есеп жүргізеді.